ЛИДОКАИН ГИДРОХЛОРИДІ-DF

ампулалар 2%, 2 мл, №5 және №10

Босатылады: РЕЦЕПТ БОЙЫНША

Фарм.тобы: Ампулалар

ҚОЛДАНУ КӨРСЕТКІШТЕРІ:

  • хирургиядағы, офтальмологиядағы, стоматологиядағы, отоларингологиядағы жергілікті анестезия (терминалдық, инфильтрациялық, өткізгіш);

  • перифериялық нервтер мен жүйке түйіндерінің блокадасы

dwldПрепаратты қолдану жөніндегі нұсқаулықты жүктеп алу

Құрамы

Ерітіндінің бір ампуласында мыналар бар:

  • белсенді зат: лидокаин гидрохлориді 2мл-де 40 мг немесе 3,5 мл-де 35 мг және 5мл-де 50 мг;
  • қосымша заттар: натрий хлориді, 1 М натрий гидроксиді ерітіндісі (рН 5.0-7.0 дейін), инъекцияға арналған су

Дәрілік формула

Инъекцияға арналған 10 мг/мл және 20 мг/мл ерітінді

Фармакотерапиялық тобы

Анестетиктер. Жергілікті анестетиктер. Амидтер. Лидокаин.

Код АТХ N01BВ02

Көрсетілімдер

  • хирургияда, офтальмологияда, стоматологияда, оториноларингологияда (терминальді, инфильтрациялық, өткізгіштік) жергілікті анестезиясы ретінде;
  • шеткері жүйкелердің және жүйке түйіндерінің блокадасында.

Қарсы көрсеткіштер

  • дәрілік заттың кез келген компоненттеріне немесе анамнезінде басқа да амидті жергілікті жансыздандыратын дәрілік заттарға аса жоғары сезімталдық;
  • синустық түйін әлсіздігінің синдромы (әсіресе егде жастағы науқастарда), сол жақ қарынша функциясының едәуір төмендеуі;
  • Вольф-Паркинсон-Уайт синдромы;
  • жүрек блокадасы: II - III дәрежедегі атриовентрикулярлық (қарыншаларды стимуляциялайтын зонд орнатылған жағдайлардан басқа) қарыншаішілік; синусты-жүрекшелік;
  • қарыншаішілік өткізгіштіктің бұзылуы;
  • кардиогендік шок;
  • ретробульбарлы енгізу (әсіресе глаукомамен науқастарға);
  • порфирия;
  • Морганьи -Адамс-Стокс синдромы;
  • анестезия үшін акушерлік тәжірибеде – шарананың жатыр ішінде дамуының бұзылулы, фетоплаценталық жеткіліксіздік, мерзімінен бұрың туу, мерзімінен кеш туу, гестоз;
  • эпидуральді анестезия үшін – ауыр гипотензия, кардиогендік шок және гиповолемиялық шок, неврологиялық аурулар, септицемия, омыртқаның деформациясына байланысты пункция жасауға мүмкіндік болмауы;
  • субарахноидальді анестезия үшін – арқаның ауыруы, ми инфекциялары, мидың қатерсіз және қатерлі жаңа түзілімдері, генезі әртүрлі коагулопатиялары, бас сақинасы, субарахноидальді қан құйылу, артериялық гипертензия және гипотензия, парестезиялар, психоз, истерия, қарым қатынасқа түспейтін науқастар, омыртқаның деформациясына байланысты пункция жасауға мүмкіндік болмауы;
  • бұдан бұрын лидокаинді қолданғанда болған эпилепсия тәріздес құрысулар (анамнезінде);
  • 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге.

Сақтықпен: жүрек функциясының ауыр түрдегі жеткіліксіздігінде, бауыр және/немесе бүйрек функциясының жеткіліксіздігінде, әлсіз науқастарда, гиповолемияда, AV блокадада, синустық брадикардияда, артериялық гипотензияда, ауыр миастенияда, жүктілікте және лактация кезеңінде.

Қолдану тәсілі және дозалары

Лидокаинді қолданар алдында препаратқа, инъекция жасалған жердің ісінуімен және  қызаруымен айғақталатын, жекелей жоғары жеке сезімталдыққа тері сынамасын міндетті түрде жүргізу керек.

Анестезия жүргізу үшін дәрілік заттың мөлшері және жалпы дозасы анестезияға және операциялық араласымның сипатына байланысты.

Инфильтрациялық анестезияда концентрациясы 10 мг/мл (1%) 30 мл-ге дейінгі ерітінді пайдаланылады.

Өткізгіш анестезияда концентрациясы 10 мг/мл (1%) және 20 мг/мл (2%) ерітінділерді қолданады; ең жоғары жалпы доза – 400 мг дейін (лидокаиннің 40 мл 1% ерітіндісі және 20 мл 2% ерітіндісі).

Стоматологиялық тәжірибеде 1 - 5 мл (20 - 100 мг) 2% ерітіндісін пайдаланады; қабырғааралық жүйкелердің блокадасында – 3-5 мл (30-50 мг) 1% ерітінді; парацервикальді анестезияда – 10 мл (100 мг) 1% ерітінді әрбір жағына (кем дегенде 1,5 сағаттан кейін қайталап енгізілуі мүмкін); Оберст-Лукашевич блокадасында – 2 - 3 мл 2% ерітінді.

Вагосимпатикалық блокада: мойын бөлімі – 5 мл (50 мг) 1% ерітінді, бел – 5 - 10 мл (50 - 100 мг) 1% ерітінді.

Эпидуральді анестезия – 200 - 300 мг (10-15 мл) 2% лидокаин ерітіндісі пайдаланылады. Катетер жәрдемімен анестетикті үздіксіз енгізіп пайдалану ұсынылмайды; ең жоғары дозаны енгізу 90 минуттан жиі қайталанбауы тиіс.

Шырышты қабықтардың анестезиялары үшін (кеңірдекке интубацияда, бронхоэзофагоскопияда, фиброгастродуоденоскопияда, полиптерді жойғанда, гаймор қуыстарын шаншып тескенде және басқа) көлемі 20 мл-ден аспайтын 2% ерітіндіні қолданады. Анестезияның ұзақтығы – 15-30 минут.

Офтальмологияда: хирургиялық араласымның немесе зерттеудің тура алдында 30 – 60 секунд аралықпен 2 – 3 рет 2 тамшы 2% ерітіндіні конъюнктивальді қалтаға тамызады.

Ересектер үшін ең жоғары  доза –  4,5 мг/кг немесе 300 мг аспайды.

Лидокаиннің әсерін ұзарту үшін ex tempore 0,1% адреналин ерітіндісі қосылуы мүмкін (5 - 10 мл лидокаин ерітіндісіне 1 тамшы, бірақ 5 тамшыдан асырмайды). Мұндайда  лидокаиннің ең жоғары рұқсат етілген дозасы 500 мг дейін арттырылады.

Ескерту: вена ішіне енгізгеннен кейін лидокаиннің әсер ету ұзақтығы қысқа (ұзақтығы 15-20 мин) болады. Егер вена ішіне тамшылы инфузия жолымен енгізу жеткіліксіз болса, вена ішіне бастапқы баяу енгізуден кейін оны қажет болғанда кем дегенде 10 минут аралықпен бір немесе екі рет 50-100 мг қайталауға болады.

1 г немесе 2 г лидокаиннің инфузиялық ерітіндісін дайындау үшін инъекцияға арналған 1 л 5% декстроза қосады және концентрациясы 1 мг/мл немесе 2 мг/мл лидокаин ерітіндісін алады.

Егде жастағы пациенттерде, әсіресе вена ішіне ұзақ инфузияда дозаны азайту ұсынылады. Бүйрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігінде дозаны түзетудің қажеті болмайды. Бауыр ауруларында (цирроз, гепатит) және бауырдағы қан ағысы төмендеген пациенттерде (мысалы, жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі аясында) доза  40-50%-ға төмендетілуі тиіс.

Назар аударыңыз!

Вена ішіне тез енгізгенде артериялық қысым күрт төмендеуі және коллапс дамуы мүмкін. Мұндай жағдайларда фенилэфринді, эфедринді және қантамырларды тарылтатын басқа да дәрілерді қолданады. 

1% лидокаин ерітіндісін ішінде 1,0 г антибиотик бар  құтыға 3 мл лидокаин есебінен цефалоспориндер тобының -лактамды антибиотиктерін бұлшықет ішіне енгізуге арналған инъекциялық ерітінді дайындау үшін еріткіш ретінде қолданады.

Жағымсыз реакциялар

Жүйке жүйесі тарапынан бұзылулар:

  • жии - парестезия, бас айналу;
  • жиі емес - жүйелік нейроуыттылық белгілері (құрысулар, ауыз айналасының парестезиясы, тілдің жансыздануы, тремор, сандырақтау, ұйқышылдық, дизартрия, естен айырылу);
  • сирек - нейропатия, шеткері жүйкелердің зақымдануы, арахноидит;

Көру мүшелері тарапынан бұзылулар:

  • сирек - диплопия (қосарланып көріну).

Жүрек тарапынан бұзылулар:

  • жиі – брадикардия;
  • сирек – аритмия, жүректің тоқтап қалуы.

Қантамырлар тарапынан бұзылулар:

  • өте жиі – гипотензия;
  • жиі – гипертензия.

Тыныс алу жүйесі, кеуде қуысының ағзалары және көкірек ортасы тарапынан бұзылулар:

  • сирек – тыныс алу функциясының жеткіліксіздігі, тыныс алудың бәсеңдеуі және тоқтап қалуы.

Иммундық жүйе тарапынан бұзылулар:

  • сирек – аллергиялық реакциялар (есекжем, тері бөртпелері, Квинке ісінуі, өте ауыр жағдайларда – анафилаксиялық шок).

Асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулар:

  • өте жиі – жүрек айнуы;
  • жиі – құсу.

Артық дозалану

Симптомдары: уыттанудың бастапқы белгілері – бас айналу, жүрек айнуы, құсу, эйфория, астения, артериялық қысымның төмендеуі; содан кейін – беттің мимикалық бұлшықеттерінің құрысулары, қаңқа бұлшықетінің тонус-клонустық құрысулары, психомоторлы қозу, брадикардия, коллапс; босану кезінде пайдаланғанда жаңа туған нәрестеде – брадикардия, тыныс алу орталығының бәсеңдеуі, тыныс алудың тоқтап қалуы.

Емі: уыттанудың алғашқы белгілері пайда болғанда енгізуді тоқтатады, пациентті көлденең жатқызады; оттегімен ингаляция жүргізеді. Құрысуларда диазепамды, брадикардияда м-холиноблокаторларды (атропин), вазоконстрикторларды (норэпинефрин, фенилэфрин) вена ішіне енгізу көрсетілген. Қажет болған жағдайда интубация, өкпені жасанды желдету, реанимациялық шаралар жүргізеді. Диализ тиімді емес

Жүктілік және лактация кезеңінде қолдану

Лидокаин плаценталық бөгет арқылы өтеді, осыған байланысты тек пайда/қауіп арақатынасын талдағаннан кейін ғана болмаса, жүктілікте (әсіресе I триместрінде) оны тағайындау ұсынылмайды. Лидокаиннің аздаған мөлшері емшек сүтіне бөлініп шығады, сондықтан лидокаинді тағайындаған кезде емшек емізуді тоқтату керек.

Балалар

Препаратты балалар тәжірибесінде қолдану туралы деректер жоқ, осыған байланысты оны балаларға қолдану ұсынылмайды

Арнайы нұсқаулар

Лидокаинді қолданар алдында препаратқа, инъекция жасалған жердің ісінуімен және  қызаруымен айғақталатын, жекелей жоғары жеке сезімталдыққа тері сынамасын міндетті түрде жүргізу керек. Лидокаинді енгізуді тек медицина қызметкерлері жүзеге асыра алады

Аумақтық және жергілікті анестезияны тәжірибелі маман жүрек қызметіне мониторинг және реанимациялық шаралар жүргізу үшін қажетті дайын құрал-жабдықтарды және препараттарды дереу пайдалануға қол жетерлік, тиісінше жабдықталған бөлмеде жүргізуі тиіс. Анестезияны жүргізетін қызметкер білікті және анестезия жасауды меңгерген болуы тиіс, диагностикамен және жүйелік уытты реакцияларды, жағымсыз құбылыстар мен реакцияларды және басқа да асқынуларды емдеумен таныс болуы тиіс.

Жедел миокард инфарктісі бар науқастарда лидокаинді тағайындау асистолияның туындау жиілігінің артуы есебінен өліммен аяқталу қаупін арттыруы мүмкін. Бұлшықет ішіне жасалған лидокаин инъекциялары креатининфосфокиназа белсенділігін арттыруы мүмкін, бұл миокард инфарктісінінің диагностикасын қиындатуы мүмкін. Суправентрикулярлық аритмияларда лидокаинді қолдану ұсынылмайды (жүрекшелердің дірілінде және жыпылықтауында – тиімсіздігіне  және қарыншалық жиырылудың жиілеу қаупіне байланысты ).

Қан айналымының жеткіліксіздігінде, гипотонияда, гиповолемияда, гипокалиемияда, бауыр және/немесе бүйрек функциялары бұзылғанда лидокаинді енгізген кезде аса сақтық және дозасын төмендету қажет. Лидокаинді қолдануды бастағанға дейін қан плазмасындағы калий деңгейін қалыпқа келтіру керек.

Эпидуральді анестезия гипотензияға және брадикардияға әкелуі мүмкін, бұл қауіпті коллоидты және кристаллоидты ерітінділерді алдын ала енгізу арқылы азайтуға болады. Парацервикальді блокада шаранада брадикардияны немесе тахикардияны туындатуы мүмкін, осыған байланысты оның жүрек қызметіне мониторинг жүргізу қажет.

Препаратты егде жастағы пациенттерге енгізгенде аса сақтық таныту қажет.

Қатерлі гипертензияға бейім пациенттер ерекше көңіл бөлуді қажет етеді, өйткені олар жергілікті амидтік анестетиктерге резистентті болуы мүмкін.

Ретробульбарлы түрде енгізген кезде лидокаиннің субарахноидальді кеңістікке жетуі сирек, мұндайда жүрек-қантамыр функциясының жеткіліксіздігі, апноэні, құрысуларды және уақытша соқырлықты қоса, күрделі жағымсыз реакцияларды туындатады. Глаукомасы бар науқастарға лидокаин ерітіндісін ретробульбарлы түрде енгізуге тыйым салынады.

Шығарылу түрі және қаптамасы

Инъекцияға арналған 10 мг/мл ерітінді: 5 мл және 3.5 мл-ден тығыздығы төмен жоғары қысымды полиэтиленнен жасалған полимерлік ампулаларда.

Инъекцияға арналған 20 мг/мл ерітінді: 2 мл-ден тығыздығы төмен жоғары қысымды полиэтиленнен жасалған полимерлік ампулаларда

Полимерлік ампулаларға заттаңба қағазынан жасалған заттаңба жапсырылады.

5 немесе 10 ампуладан медициналық қолдану жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынған

Сақтау шарттары

Жарықтан қорғалған жерде, 25ºС-ден аспайтын температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

2 жыл.

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Өндіруші

«DOSFARM» ЖШС, Қазақстан, 050034, Алматы қ., Чаплыгин к-сі, 3, тел. (727) 253-03-88.

Тіркеу куәлігінің иесі

«DOSFARM» ЖШС, Қазақстан, 050034, Алматы қ., Чаплыгин к-сі, 3.

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың тіркеуден кейінгі қауіпсіздігін қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері:

 «DOSFARM» ЖШС, Қазақстан, 050034, Алматы қ., Чаплыгин к-сі, 3.

тел./факс: (727) 253-07-07, 253-03-88, эл. пошта:  Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.

Осы препаратқа сұрақ қою